27 мам, 2020 сағат 10:58

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот үкімі шықты

Сот Болат Бақауовты бос бостандығынан айырған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Павлодардың №2 соты Нұрлан Қайырбековтың төрағалығымен Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі келістіруші өндірісте қарастырып, айыпталушыны ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағымен қарастырылған қылмыс жасауға кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылаумен үш жыл және алты ай бас бостандығын шектеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдық орындарға ие болу құқығынан айыру жазасын тағайындады. 

Болат Бақауовтың қылмыстық жолмен немесе қылмыстық жолмен иемденген қаражатқа сатып алған мүлкінің жоқтығына байланысты оған мүлкін тәркілеу қосымша жазасы тағайындалған жоқ. ҚР Жоғарғы сотының 7.07.2016 жылғы №4 Нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес, процессуалдық келісімге келу үшін күдіктінің кінәсін мойындауы міндет емес. Оның күдік пен іске қатысты айғақтарды жоққа шығармағаны жеткілікті. «Үй қамағы» бұлтартпау шарасы алынып тасталды.

Оған дейін Болат Бақауовқа ҚР ҚК 362-бабы, 4-бөлімінің, 3-тармағына сәйкес айып тағылған еді (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануды, лауазымды адам бола тұра, өзінің құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруді, басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу және ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалған іс-әрекеттер).

Оған байланысты мүлікті тәркілеумен бірге бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциялары көзделген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 16 қаңтарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болған еді.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде тергеу мүддесіне орай толық деректер жариялануға жатпайды», - делінген ҰҚК ақпаратында.

Болат Бақауов 18 ақпаннан бері үйқамақта отыр.

Сәуірде оны үйқамақта ұстау мерзімі мамыр айына дейін созылды.