Армения премьер-министрі Никол Пашинян пандемия кезінде емдеу мекемелері толып кеткендіктен коронавирус жұққан шамамен 200 науқас ауруханаларда орын босауын күтіп отыр деп мәлімдеді.
"Қаншалықты ащы болса да бәріңізге коронавирус жағдайына байланысты шындықты айтуға міндеттімін. Қазір республикада коронавирус жұққан шамамен 200 науқас аурухананың босауын күтіп отыр" деді ол 6 маусым күнгі брифинг кезінде.
Пашинянның айтуынша, аурухананың босауын күткен СOVID-19 диагнозы қойылған бір пациент үйде қайтыс болған. Интенсивті терапияға зәру болған екі науқас реанимация бөліміне жете алмай, көз жұмған.
Бұған дейін премьер-министрдің өзіне коронавирус жұққаны хабарланған еді. Ол денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы күрделі екенін айтып, "Тозақты өткеріп жатырмыз" деді.
6 маусымда денсаулық сақтау министрлігі елде бір күнде 547 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Шамамен 3 млн халқы бар Арменияда 12 364 адамға коронавирус жұққан.
Билік бір күнде 7 адамның COVID-19-дан қайтыс болғанын мәлімдеді. Барлығы 190 адам көз жұмған.
Арменияда сәуір айының ортасында карантин шаралары жұмсарғаннан кейін науқастар саны көбейген.