15 жел, 2020 сағат 10:16

Партиялар атынан сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысатындар бекітілді

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды ұйымдастыру және өткізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырыс барысында осы тақырып бойынша Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады.

Ол сайлау заңнамасына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүзеге асырудың бір тәсілі - сайлау алдындағы жария пікірсайыстар өткізу екенін хабарлады.

Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телевизиядағы Ортсайлауком ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы. Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бекітілген. Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарының 4-тармағына сәйкес, Ортсайлауком пікірсайыстарды өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде телеарнаны айқындайды және оларды партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың пікірсайыстарын өткізу күні, уақыты мен орны туралы жазбаша хабардар етеді.

Биылдың 10 желтоқсанында Орталық сайлау комиссиясы пікірталасты 2020 жылдың 30 желтоқсанында өткізу туралы қаулы қабылдады.

А. Щегорцованың айтуынша, телеарнаны анықтау туралы ОСК-ның жазбаша сауалына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Хабар» телеарнасының эфирінде телевизиялық сайлауалды пікірсайыстарын өткізуді ұсынды.

«Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайыстарын өткізу регламентін әзірлеп, келісу үшін ОСК-ға жіберді. Регламент жобасында дебаттарды өткізу тәртібі көзделген. Атап айтқанда, қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, өткізу тілі мен ұзақтығы. Регламент жобасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына, сондай-ақ сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес келеді», - деді Анастасия Щегорцова. 

Осыған байланысты, Орталық сайлау комиссиясының «Хабар» агенттігінде телевизиялық пікірсайыстар өткізу туралы қаулысы қабылданды, пікірсайыстар өткізу регламенті келісілді, сондай-ақ кандидатуралары саяси партиялармен айқындалған телевизиялық пікірсайыстарға қатысушылардың келесі құрамы бекітілді:

1) «ADAL» саяси партиясынан – партияның саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев;

2) «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан - партия төрағасы Азат Перуашев;

3) «Ауыл» халықтық - демократиялық патриоттық партиясынан - партия төрағасы Әли Бектаев;

4) Қазақстан Халық партиясынан - партия төрағасы Айқын Қоңыров;

5) «Nur Otan» партиясынан - партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.