ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі Алуа Жолдыбалина Мемлекет басшысының бүгін жолдаған үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлығы біршама уақыт бойы сарапшылар болжаған оқиғалардың бірі болды. Жалпы, сәл статистикаға назар аударайық. Елімізде осы күнге дейін 6 парламенттік сайлау өткен болатын, оның ішінде 3 парламенттік сайлау (2007 ж., 2012 ж., 2016 ж.) кезектен тыс өтті. Сонымен қатар, 3 парламенттік сайлау (1995 ж., 1999 ж., 2004 ж.) кезекті сипатқа ие болған болатын. Ендігі 7-ші парламенттік сайлау да кезекті сипатқа ие», деді А. Жолдыбалина.
Оның аутуынша, бұл парламенттік сайлаудың өзіндік ерекшелігі – сайлау процесіне де, саяси партиялар жұмысына да 2020 жыл бойы бірқатар жаңашылдықтар енгізілген болатын, яғни, бұл сайлауда бірінші рет партиялық тізімді қалыптастырудағы 30 пайыздық квота ережесі жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, егер осыған дейін өткен сайлауларда маслихат депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайласа, ендігі кезекте, ең алғашқы рет партиялық тізім бойынша өтеді, яғни облыстық, қалалық, аудандық маслихаттардың депутаттарының барлығы партиялық тізім бойынша сайланады.
«Бұл принцип партиялардың өзара бәсекелестігін, аймақтарда маслихат жұмысының әрі қарай белсене түсіп, партиялардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Егер осыған дейін партиялар көбіне орталық деңгейде көбірек жұмыс атқарса, бүгіннен бастап аймақтардағы жұмысын арттыруы тиіс. Сонымен қатар, партиялар сайлауалды кампаниясында, аймақтық деңгейде өз жұмысын белсенді сипатқа негіздеп, аймақтардағы өзекті мәселелерді және халықтың негізгі талап-тілектерін түбегейлі талдап, оларды шешуде өз жұмысын көрсете алады, яғни, партия жұмысында аймақтық компонент артады деген сөз», - деп толықтырды ол.
Сарапшының пікірінше, Парламент және маслихат депуттаттары сайлауының бір мерзімде өтуі қаржылық шығындарды да үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, карантин тәртібін ескере отырып, сайлау кампаниясын оңтайлы жүргізуге, сайлауды ұйымдастырып, тиімді өткізуге септигін тигізеді, яғни көптеген партиялар сайлау кампаниясын жүргізуде карантин тәртібін ескере отырып, өзіндік жаңашыл саяси технологияларды қолдануы мүмкін.
«Бүгінде бірқатар елдер карантинге қарамастан, парламенттік сайлауды өткізуде. Ең алғашқылардың бірі – Оңтүстік Корея болатын. Сондай-ақ, парламенттік сайлау 21 маусымда Сербияда, 4 қазанда Қырғызстанда, 11 қазанда Литвада карантин тәртібінде өтті. 31 қазанда Грузияда да парламенттік сайлау өтеді. Сонымен қатар, 13 қыркүйекте Ресей Бірыңғай дауыс беру күнін өткізген болатын. Сонымен, карантин тәртібі саяси процестердің жүзеге асуына тосқауыл еместігін, керісінше, қалыпты саяси дамуды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр», - деді сарапшы.