11 қаң, 2021 сағат 09:54

Парламент Мәжілісіне ҚХА-дан 9 депутат сайланды

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясында Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Белгілі болғандай, дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны - 351 адам.

Мәжіліс депутаты кандидаттар үшін берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абдрахманов - 298, Аветик Амирханян - 270, Ильяс Буларов - 274, Наталья Дементьева - 292, Юрий Ли - 282, Вакиль Набиев - 285, Шамиль Осин - 271, Владимир Тохтасунов - 277, Абилфас Хамедов 290 дауысқа ие болды.

Дауыс беру нәтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мәжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша ҚХА-ның XXVIII сессиясы өтті. Сессияның айрықша құқығы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тоғыз депутатын сайлау.

Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 93-1-бабына сәйкес сессияда Ассамблеядан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ҚХА Кеңесі ұсынған үміткерлерге дауыс берілді. Бүгін түске дейін кандидаттарды сайлау аяқталды. Дауыс беруге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХА мүшелері қатысты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 үміткерді ұсынды.