19 қаң, 2024 сағат 11:38

Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысуы туралы Жолдауын мақұлдады

Фото: un.org

Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысу туралы Жолдауын мақұлдады.

Айта кету керек, контингенттің БҰҰ бітімгершілік миссияларына бағыты халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да ықпал етеді. Жақында БҰҰ инспекциялық тобы бітімгершілік операцияларға қатысуға жоспарланған қазақстандық әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасының жай-күйіне және дайындық деңгейіне жан-жақты тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша БҰҰ сарапшылары бітімгершілік контингенттің жеке құрамын даярлаудың жоғары деңгейін және бітімгершілік операциялар орталығының нұсқаушы құрамының кәсібилігін атап өтті.

Қазақстан әскери қызметшілерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу географиясын кеңейту біздің республикамыздың әскери және гуманитарлық дағдарыстардан зардап шегетін адамдарға қолдау көрсетуге деген берік ниетін айғақтайды. Жергілікті жерлердегі қазақстандық бітімгершілік контингенттің жанқиярлығының арқасында БҰҰ делдалдары тараптар арасындағы қақтығыстарда бейбіт шешім табуға мүмкіндік алады. 

БҰҰ шақыруына сәйкес, өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде 139 әскери қызметші санындағы алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентін "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясына орналастыру 2024 жылғы наурыздан бастап жоспарланып отыр. Ол үшін тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын БҰҰ-мен халықаралық шарт жасалатын болады.

Еске салайық, Қазақстан қарулы күштерінің бітімгерлері 2000-шы жылдардан бастап бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғауда. Осы уақыт ішінде біздің әскери қызметшілер қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылда практикалық тәжірибе жинақтады.