Фото ашық дереккөзден алынды
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданды, деп хабаралайды ҚазАқпарат.
Отырыста «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасы екі оқылымда қаралды.
Аталған заң жобасы жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленген.
«Атап айтқанда, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған орай, құқықтық негіздің жоқ екендігін ескере отырып, бұл заң жобасымен Конституциялық заңның күшін жою көзделеді», - деді Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Қос палатаның депутаттары екі оқылым қорытындысы бойынша аталған заңды қабылдау жөнінде шешім қабылдады.
11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында аталған заң жобасы бойынша бірлескен комиссияның құрамына енетін депутаттар іріктелген болатын. Осылайша, Мәжілістен Бекжанов Берік Айдарбекұлы, Ерубаев Серік Сәрсенұлы, Смайлов Ерлан Валерийұлы комиссия құрамына кірді.
Ал 12 қаңтарда Сенат депутаттары бірлескен комиссияның мүшелерін сайлады. Нәтижесінде аталған комиссияның құрамына сенаторлар Владимир Волков, Сұлтанбек Мәкежанов және Дүйсенғазы Мусин енді.
Былтыр жыл аяғында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған заңның күшін жою мәселесі Парламентте 2023 жылдың басында қаралатынын айтқан еді.
«Сол заңда көрсетілген артықшылықтардың барлығы күшін жояды. Бірінші президентке де, болашақ президенттерге де экс-президентке қатысты нормалар бірдей қолданылады. Егер заң күшін жойса, онда қарастырылған иммунитеттің заңды күші болмайды», - деді Мәжіліс спикері.
2022 жылдың басында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынған.
Былтырғы 2 ақпанда Парламент Елбасы туралы заңға түзетуді қабылдады.
Биыл Конституциялық сот Конституцияның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру, нақтылап айтқанда Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жою мәселесі бойынша нормативтік қаулы шығарды. Конституциялық сот «Елбасы туралы заңның Қазақстанда қолданыста қалуына құқықтық негіз жоқ» деп таныды.
Сондай-ақ, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құрметті сенатор» мәртебесі жойылғаны белгілі болған еді.