18 қаз, 2017 сағат 12:03

Париждегі жанкүйерлер Димашты қоршап алып, жібермей қойды (Видео)

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде "Рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасының таныстырылымына орай ұйымдастырылған гала-концертте өнер көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Франциядан.

Танымал орындаушыға жұртшылық орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Ол тыңдармандарына екі ән орындап берді - бірі қазақ, екіншісі француз тілінде.



Франция астанасында өткен гала-концертке 30 адамнан тұратын топ келді - барлығы Димаш Құдайбергеннің тыңдарманы. Жас әртістің ән орындауынан кейін жанкүйерлері оны көп уақыт бойы жібермей тұрып алды. Олар Димашты жақсы көретінін айтып, бірге түскен суреттері үшін алғыс білдіріп, гүл шоқтарын сыйлап, әншінің қолтаңбасын алып жатты.


35 жастағы Анна Панти сүйікті әншісін көру үшін Парижге арнайы Англиядан келіпті. Димаш Құдайберген оның қолына қолтаңба қойып берді. 


"Мен оның даусын Интернеттен кездейсоқ естіп қалдым, сосын оны I am Singer музыкалық байқауынан бақылай бастадым. Ал кейін Димаш Құдайбергеннің фан-клубына қосылдым. Мен оны тұңғыш рет өз көзіммен көріп тұрмын, бұрын видеодан ғана көргенмін. Бүгін ерекше әсер алдым", - деді Анна Паньи.

Парижге Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жанкүйерлері де келіпті. Әншінің өз тыңдармандарымен кездесуі жарты сағатқа созылды. Тыңдармандар оны жібергісі келмеді. Димаш шараға келген әрбір тыңдарманымен суретке түсіп, сыйлықтарын алып, тілектерін естіді. Ал қайтарында сыйланған гүлін ұмытып кетіпті.


Айта кетейік, ЮНЕСКО штаб-пәтеріндегі гала-концертке басқа да қазақстандық өнерпаздар қатысты: Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахметова, Медет Шотабаев, Арман Жүдебаев және Nomad этно-фольклорлық ансамблі