Париж маңындағы Аржантёйде екі мыңнан астам адам 14 жасар Алишаны еске алуға арналған «ақ маршқа» қатысты, деп хабарлайды Еuronews.
8 наурыз күні оны сыныптастары соққыға жығып, Сенаға итеріп жіберген соң, суға батып қаза тапты. Бұл оқиғаға дейін бойжеткен қыздың сыныбындағы құрбы-құрдастары оның дәрежесін түсіріп, ауыр сөздер айтқан, әлеуметтік желіде жеке парақшасын бұзып ашу арқылы интимдік фотосуреттерін қолға түсіріп, жәбір көрсеткен.
Алишаның анасы: «Бұл оқиғаның болғанына сене алар емеспін. Оның қатыгездік, айуандықпен көз жұмғанын ойлағанда, ұйықтай алмаймын. Мен өзімді жалғыз сезініп жүрмін, жүрегімнің бір бөлшегінен айырылғандай күйдемін», - дейді.
Тергеу мәліметінше, Алиша бұрын жақын болып, кейін аралары суып кеткен достарының қолынан қаза тапқан. Мектептегі теріс әрекеттері себебімен лицейден уақытша оқудан шығарылған олар Алишаны адам көп жүрмейтін жерге шақырып алып, соққыға жығып, суға итеріп жіберген. Ол кезде бойжеткен әлі есінен танбаған еді.
Алишаның өліміне кінәлі ұл бала мен қыз қамауға алынды. Оларға адам өлтіргені үшін айып тағылды.