03 қыр, 2024 сағат 16:07

Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне оқу гранттары табысталды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақ спорт және туризм академиясында жаңа оқу жылы ерекше атап өтілді. Білім күнін мерекелеу шарасында Париж Олимпиадасында жүлде алған спортшылар студенттермен кездесті. Бұл туралы академияның Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

Академияның түлектері Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен жеті медальдің бесеуін иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын. Осыған орай, Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, және Ислам Сәтбаев сияқты спортшылардың есімдері академияның Олимпиада жүлдегерлері стендінде алтын әріппен жазылатын болды.

Шараға қатысқан ел мақтаныштары бірінші курс студенттері мен ізбасарларына мотивация беріп, ақыл-кеңестерін айтты. Сондай-ақ, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне академияның гранттарын табыстап, оларға магистратура мен докторантурада тегін білім алуға мүмкіндік берді.

Академияға биыл мыңнан астам студент қабылданып, олардың арасында әлем чемпиондары мен түрлі спорт түрлерінен жеңімпаздар да бар. Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, ән-күймен жалғасты. Студенттерге жаңа серпін берген жиында Олимпиада жүлдегерлері қатысушылармен естелік суретке түсті.