16 шіл, 2024 сағат 16:05

Париж Олимпиадасына брейк-данстан баратын Әмір Зәкіров туралы не білеміз?


Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасының басталуына да санаулы күндер қалды. Биылғы дүбірлі доданың ерекшеліктерінің бірі алғаш рет брейк-данс бойынша жарыс өтеді және сол додаға көк байрақты көтеріп, қазақстандық спортшы Әмір Зәкіров қатысады. 

Қазақстандық брейкдансердің жетістігі дүйім жұртты қуанышқа бөлеп, Олимпиада ойындарының жаңа бағытында жаңа леп бергендей болды.

Әмір жолдаманы қалай алды?

Мажарстан астанасы Будапеште өткен іріктеу турнирінде Зәкіров жарыстың финалына дейін жетіп, ақтық сында Нидерландық спортшыға есе жіберді. Осылайша, екінші орын алды. Үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы иеленді. 
Екі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Әмір 71 ұпай жинады (Шанхайдағы жарыста ол 15-орын алған). Жалпы есепте қазақстандық B-Boy Amir (Әмірдің спорттағы лақап аты, ред.) алтыншы орынға жайғасты. Бұл нәтиже оған Олимпиада жолдамасын алуға мүмкіндік берді. 

"Бұл Әмірдің осы деңгейдегі турнирлердегі алғашқы және соңғы жеңісі емес. Оны және барлық қазақстандықтарды осы жетістіктерімен құттықтаймын, сондай-ақ чемпионымызға қарқынын бәсеңдетпеуін және Қазақстанды 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарында лайықты өнер көрсетуін тілеймін. Олимпиада брейк-данс ресми спорт түрлерінің бірі болады", - деп жазды бұрынғы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook парақшасында.


B-Boy Amir-дың өзі брейкингтің Олимпиада ойындарына кіруі осы спорт түрінде жаңа серпіліс әкеледі деп сенеді. 

"Менің ойымша, жаңа толқын болады және ол бізге байланысты. Мен өз көзқарасым мен деңгейімді көрсету үшін Олимпиадаға қатысуға тырысамын", -деген еді 2021 жылы берген сұхбатында. 


Әмірдің мақсаты орындалуға таяп қалды.


Фото: redbull.com

Петропавл көшесінен Олимпиада алаңына дейін

Әмір Зәкіров брейк-данспен мектеп қабырғасында жүргенде айналыса бастаған. Ол кезде оның туған қаласы Петропавлда брейк-данстан арнайы үйірме болмаған екен. Сондықтан ол көшеде жаттыққан.

Кейінірек, қалада брейк-данстан үйірме ашылып, Зәкіров те үзбей үйірмеге барып жүрген. Бірақ қаражаттың тапшылығынан үйірменің ақшасын төлеу Әмірге қиынға соққан екен. Себебі оның отбасы өте қарапайым тұрмыстағы адамдар. Ата-анасы ажырасқан, әкесі ішкілікке салынған көрінеді. Содан, жас бишінің талпынысы мен қабілетін көрген жаттықтырушы оған жаттығуға тегін келуге рұқсат беріпті.

Шыны керек, брейк-данс Олимпиада ойындарының құрамына кіргенге дейін жалпы жұртшылық мұны жай ғана жекелеген адамдардың қызығушылығы, ермегі ретінде қабылдап келді. Жерде ұршықша үйіріліп билейтін жастарды көргенде таңқалып жататынымыз рас, бірақ салмағы ауыр спорт түрі екенін көпшілік біле бермеді.

"Брейкингпен айналысу үшін көп еңбек керек"

Әмірдің өзі кейінгі сұхбаттарының бірінде Кеңес Одағында бәрі брейкингпен, тіпті брейк-данспен айналысқан, бірақ кейін тастап кетті, себебі бұл физикалық тұрғыда қиын, -деген. 

"Адамдар жаттығуға барғанда белгілі бір элементтерді қалай жасау керектігін тез үйренемін деп ойлайды, бірақ көп ұзамай көп еңбек керек екенін түсінеді. Мәселе мынада, қазір адамдарда брейкинг туралы түсінік әлі де Кеңес дәуіріндегідей. Жаңалықтарда брейкинг туралы айтқанда, бірден электрик-буги билеп жатқан "Курьер" фильмін көрсетеді. Фильмде "Жоғарғы үзіліс", "төменгі үзіліс" сөздерін қолданады. Мұның бәрі брейкингте жоқ. Жастар қазір брейкингке бармайды, өйткені ол қазіргі заманға сай емес, трендте емес. Мен бұлай емес екенін көрсеткім келеді, би-бойлар заманауи киініп, заманауи музыканы тыңдайды", -деді Әмір Зәкіров. 


Мектеп бітіргесін Зәкіров Ресейдің Омбы қаласына көшіп, онда ол  брейк-данстан жаттықтырушы болады және сахнаға шығып жүреді. 2016 жылы Зәкіров омбылық Анастасия Четверговамен бірге Ресейдің ТНТ арнасындағы "Танцы" шоуында іріктеуден өтеді. Бірақ көп ұзамай олар жарыстан шығып қалады.


Фото: superomsk.ru

Жиырма жасында B-Boy Amir Мәскеуге көшіп келді. Содан кейін оны ресейлік брейкинг - Predatorz командасына шақырады. Қазақстандық би-бой Ресейде жүріп түрлі байқауларға қатысып, сахналарада өнер көрсетеді.

Көп ұзамай Әмір Зәкіров Қазақстанға оралып, еліміздің атын брейкингтан әлем, Еуропа чемпионаттарында танытып жүрді.

"Мен бүкіл әлемге біздің мәдениетіміз туралы айтқым келеді"

Оның брейкингтегі танымалдығы 2020 жылы Чехия астанасы Прага қаласында өткен Legits Blast жеке сайысында шықты. Сосын, 2021 жылы Unbreakable және Red Bull BC One Cypher Kazakhstan байқауларында топ жарды.

Әмір 2022 жылы Нью-Йоркте өткен Red Bull BC One брейкингінен әлемдік турнирдің (турнирдің сол кездегі чемпионы, ред.) ресми промо-видеосының негізгі кейіпкері, режиссері және авторы болды. Ол өз сұхбатында:

"Мен бүкіл әлемге біздің мәдениетіміз туралы, мен өскен жер туралы айтқым келді. Бірақ оны заманауи және стандартты емес етіп жасағым келді. Қазір әлемдік брейкинг аренасында Қазақстанға көп назар аударылып отыр. Біздің бөлісе алатын және көрсете алатын көп дүниеміз бар", -деді B-Boy Amir.


Промо-видеода Әмір киізүйдің ішінде билейтін көріністер бар. Видеода қазақтың ұлттық арнаменттері, мәдениеті көрсетілген және заманауи көріністермен әдемі ұштасқан деуге болады. 


Фото:redbull.com

Айта кетейік, биыл Олимпиадаға Қазақстаннан спорттың 25 түрінен 80 спортшы ел намысын қорғайды. Солардың бірі 26 жастағы Әмір Зәкіров болып отыр.

2020 жылы брейкинг ресми түрде олимпиадалық спорт түрінің тізіміне енді. Париж-2024 Олимпиадасында тарихта алғаш рет брейк-данс бойынша жарыс өтеді.

Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ