Исламабадтағы арнайы сот алқасы Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушаррафты мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен өлім жазасына кесті, деп хабарлайды BBC агенттігі.
Сотталушы қазір Дубай қаласында. 2013 жылы қозғалған қылмыстық іс бойынша үкімді үш судьядан тұратын алқалар шығарды, олардың екеуі өлім жазасын қолдауға дауыс берді.
Генерал Первез Мушарраф 1999 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келген болатын. Ал 2001-2008 жылдар аралығында президент қызметін атқарды.
76 жастағы Мушарраф қазір Дубайда, оған 2016 жылы Пәкістаннан кетіп, емделуге рұқсат етілген.
2007 жылы өзінің билікте болу мерзімін ұзартып, ерекше жағдай енгізіп, конституцияны тоқтата тұруына қатысты Мушаррафқа айып тағылған болатын.
Үкімге шағымдануға болады. Еске сала кетейік, желтоқсан айында экс-президент аурухана төсегінде жазылған бейнежазбаны жариялап, оған қатысты қылмыстық істі негізсіз деп атаған.
Мушарраф - конституцияны бұзды деген айыппен сот алдына келген алғашқы мемлекет басшысы.