04 ақп, 2026 сағат 15:44

Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті


Фото: Ақорда


Мемлекет басшысын Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф күтіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. 


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. 


Осыдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді.


Тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады. 


Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды. 


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.