19 сәу, 2022 сағат 12:24

Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері әлеуметтік педагог ретінде жұмыс істей береді – министр


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзін-өзі тану пәнінен сабақ беріп жүрген және осы мамандық бойынша білім алған педагогтердің келешегі қалай болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысынан кейін өктен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министріне өзін-өзі тану пәніне маманданған педагогтерді жұмыспен қамту мәсеолесі туралы сұрақ қойылды. 

«Өзін-өзі тану пәні біріншіден 11 сыныпқа дейін міндетті емес, қосымша пән ретінде оқытылып келді. Бір жыл емес, бес жыл емес, одан ұзақ мерзімде осы жағдай қалыптасты. Жұмасына бір сабақ өткізіледі. Қазіргі уақытта қабылданған шешім туралы жариялап айттық. Ол мынадай. Келесі жылдан бастап осы пән тек қана бір сыныпта, бірден 11-ге дейін емес, тек бір сыныпта ғана, оның өзінде оқушылардың таңдауына байланысты оқытылады. Егер балалар 5 сыныпта біз осы пәнді таңдаймыз десе, тек осы сыныптағы балалар оқуға мүмкіндік алады. Ал таңдамаса, баяғыдағыдай 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін оқытылатын пән болмайды деген шешіміміз бар. Осы жұмысты бастап жүргізіп жатырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуына қарағанда, келесі оқу жылында аталмыш пән қысқартылған күннің өзінде, оған маманданған педагогтер жұмыссыз қалмайды. 

«Ал кадрларға келсек, жалпы біздің универсиеттерде «Әлеуметтік педагог және өзін-өзі» тану деген мамандық болды. Оның ең бірінші мазмұны – әлеуметтік педагог біліктілігі. Сондықтан, олардың көбі бүгінде әлеуметтік педагог ретінде жұмыс істеп жатыр. Осы пәнді беріп жүрген мұғалімдердің басым көпшілігі – басқа пәннің мұғалімдері. Оның ішінде психологтар, тарихшылар, басқа пәндердің мұғалімдер бар. Олардың бәрі өзінің пәніне сәйкес сабақ береді. Сондықтан бұл жерде ешқандай мәселе жоқ», - деді министр.