16 қаз, 2025 сағат 11:36

Өзбекстанда жаңа халықаралық әуежай салынады: Шавкат Мирзиёев мегажобаның басталуына пәрмен берді


Фото: Өзбекстан президенті баспасөз қызметі

Ташкент облысында жаңа халықаралық әуежайдың құрылысы ресми түрде басталды. Бұл туралы Өзбекстан президенті  Шавкат Мирзиёевтің instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаның іске қосылуына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі қатысып, нысанның ел көлік инфрақұрылымын түбегейлі жаңартатынын айтты.

frank.uz дерегінше әуежай Ташкент облысының УртaЧирчик және ҚуйыЧирчик аудандарының аумағында бой көтереді. Құрылысқа арналған жалпы жер көлемі 1 309 гектардан асады: оның 790 гектары УртaЧирчик ауданында, ал 519 гектары ҚуйыЧирчик ауданында орналасқан .

Жаңа әуежайдың бірінші кезеңі жылына 20 миллион жолаушыны қабылдауға қауқарлы болады. Сондай-ақ жыл сайын 129 мың тонна жүк өңдеу жоспарланып отыр. Инфрақұрылымдық қуат тұрғысынан әуежай сағатына 30 ұшу-қону операциясын атқара алады. Бір мезгілде 62 ұшаққа дейін тұрақтауға мүмкіндік беретін перрон салынады.

Әуежайға апаратын жолдар Ташкент Самарқанд, Ташкент Андижан және Ташкент Бостанлық бағыттарын біріктіретін болады. Сонымен қатар жолаушылар үшін жоғары жылдамдықтағы теміржол станциясы мен шаттл-автобустар жүйесі қарастырылған.

Жобаның алғашқы кезеңіне шамамен 2,5 миллиард доллар бөлінеді. Құрылыс жұмыстарын халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның құрамына Vision Invest (Сауд Арабиясы), Sojitz (Жапония) және Incheon International Airport Corporation (Оңтүстік Корея) компаниялары енген.

Әуежай құрылысы «жасыл құрылыс» қағидаларына сай жүргізіледі. Бұл бағытта экологиялық стандарттар күшейтіліп, энергия үнемдейтін технологиялар енгізілмек деп отыр Өзбекстан басылымдары.

Сонымен қатар терминал аумағында 14 телескопиялық трап, 46 мың шаршы метр duty-free аймағы, заманауи метео және навигациялық жүйелер орнату жоспарланған.

Жаңа халықаралық әуежайдың толық іске қосылуы 2030 жылға дейін жоспарланып отыр. Әзірге нысанның алғашқы құрылыс кезеңі басталып, инженерлік дайындық жұмыстары жүргізілуде.