12 жел, 2016 сағат 13:00

Өзбекстанда сотталған Қазақстан азаматын босатпады

Өзбекстан соты діни экстремизмді насихаттайтын материалды тасымалдады деген айыппен бес жылға сотталған Қазақстан азаматы Акмаль Расуловтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттықтың Өзбек редакциясына сілтеме жасап.

Куйчирчик аудандық соты 21 шілдеде Шымкенттің 26 жастағы тұрғыны Акмаль Расуловты Өзбекстан территориясына тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиетті "әдейі кіргізуге талпынған" деп бес жылға соттаған. Тергеу мәліметінше, діни мазмұндағы файлдар Расуловтың ұялы телефонынан табылған. Расуловтың туыстарының айтуына қарағанда, Ташкенттің апелляциялық соты 6 желтоқсанда үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Туыстарының айтуынша, сотта Расуловтың кінәсі дәлелденбеген.

Биыл 28 шілдеде Ташкент әуежайында осыған ұқсас айыппен Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Вохиджон Ниязов та ұсталған еді. Түрмеде төрт айға жуық отырған оны өткен айда рақымшылықпен босатқан.

2012 жылы наурызда Қазақстан азаматы Ермек Қосмағамбетов Өзбекстанға демалуға кетіп бара жатқанда шекарада ұсталған. Өзбек арнайы қызметі оның компьютерінен "экстремистік" мазмұндағы деп сипатталған файлдар тапқан. Бірнеше айдан соң Ташкент соты оны экстремизм айыбымен бес жылға соттаған.

 

http://ult.kz/