23 шіл, 2024 сағат 13:44

ӨЗБЕКСТАНДА ӨТКЕН АУЫР АТЛЕТИКАДАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАС СПОРТШЫЛАР БІРНЕШЕ РЕКОРД ОРНАТТЫ


Фото:wfrk.kz

19-25 маусым аралығында Өзбекстанда 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Орталық Азия елдерінің ашық чемпионаты өтті.

ҚР Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша жарысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан спортшылары қатысты.

Жас қазақстандық ауыр атлеттер 8 алтын және 2 қола медаль жеңіп алып, бірнеше рекорд орнатты.
Қыздар сәтті өнер көрсетті.

Ксения Прозорова (55 кг дейінгі салмақ дәрежесінде) үш алтын медаль еншіледі. Ол жұлқи көтеруде 81 кг, серпе көтеруде 102 кг бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 183 кг көтеріп, рекорд орнатты. Өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында,қоссайыс сомасында алтын медаль нәтижесі — 177 кг. екенін атап еткім келеді.

Айғаным Жанболат та (71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) үш алтын медаль иеленді. Ол жұлқи көтеруде 92 кг, серпе көтеруде 114 кг бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 206 кг бағындырып, рекорд орнатты.

Нұржан Жұмабай (73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) Ұлттық спорттық команданың қоржынына екі алтын жүлде салды. Спортшы жұлқи көтеруде 125 кг және серпе көтеруде 151 кг бағындырып, рекорд орнатты.

Мақсат Төленді (49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) екі қола медаль жеңіп алды, ол жұлқи көтеруде 65 кг, серпе көтеруде 81 кг бағындырды.