20 мау, 2020 сағат 13:37

Өзбекстан коронавирус жұқтырған туристке 3 мың доллар төлемек

Өзбекстан коронавирус пандемиясының салдарынан тұралап қалған туризм саласын жандандырудың амалын қарастырып жатыр. Ел президенті 19 маусымда тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы «Өзбекстан 24» телеарнасының арнайы хабарында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік режимінің күшейтілген талаптарын қатаң сақтай отырып, туризм саласын дамытудың қосымша шаралары туралы» деп аталатын қаулы арқылы елде «Uzbekistan. Safe travel guaranteed» (Өзбекстан. Қауіпсіз саяхаттауға кепілдік) жүйесі енгізіледі.

Осы жүйенің аясында Қауіпсіз туризм қоры құрылуда. Оған Дағдарысқа қарсы қордан 20 млрд сум бөлінеді, сондай-ақ сертификаттау жарналарына төленетін төлемдер арқылы қаржы құйылады.

Инновациялық денсаулық сақтау ұлттық палатасының төрағасы Равшан Изамов «Өзбекстан 24» арнасының тілшісіне берген сұхбатында жергілікті және шетелдік туристер Өзбекстанға саяхаттаудың қауіпсіз екеніне сенімді болуы керек екенін тілге тиек етті.

«Егер шетелдік турист коронавирустық инфекцияны жұқтырса, оған 3000 доллар өтемақы төленеді. Бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Туроператорлар карантин кезеңінде шетелдік туристерге тек «Uzbekistan. Safe travel guaranteed» жүйесінің тізіліміне енгізілген нысандарда ғана қызмет көрсете алады», - деп хабарлады «Өзбекстан 24» тілшісі арнайы хабарда.