19 мам, 2022 сағат 11:09

"Өз-өзімен сөйлескен" - министрлік Ақтаудағы сарбазға қатысты түсініктеме берді


Қорғаныс министрлігі Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздың психикасының бұзылуы жайлы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"18 мамырда сағат 12:00 шамасында бөлімше басшылығы 25744 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы А. өз-өзімен сөйлесіп, айналасында болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін байқап, сарбаздың ата-анасына осы жайт туралы хабарлаған.

Сарбазды медициналық тексеру үшін облыстық ауруханаға жеткізді. Тексеру нәтижелері бойынша (МРТ, мидың КТ және маманның кеңесі) дене жарақаттары мен қауіпті жайт анықталған жоқ. 19 мамырда қайта тексеру жоспарланды", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, әскерге шақырылған азаматты медициналық комиссиядан өткізу және одан әрі әскери қызметке шақыру үшін аудандық қорғаныс істері бөліміне мәжбүрлі түрде жеткізгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

"2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні айтылды.

Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ", - деп атап өтті министрлік.

Әскери полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.