Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Қазақстанның Ауғанстанға не үшін көмектесетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауғанстанға жалғыз Қазақстан ғана көмектеспейді. Бұл елдің мәселесіне бүкіл әлемдік қауымдастық алаңдап отыр. Өйткені, бұл елге қалыпты өмір қайтарылмаса, барлық елде экстремизм, есірткі тасымалы, радикализм қаупі туындауы мүмкін», - деді ол.
Оның айтуынша, тұрақсыздық жайлаған Ауғанстанмен көршілікті бей-жай қалдыруға болмайды.
«Алыстағы Аргентина Кабулдағы жағдайға бас ауыртпай отыра алады, ал біздің еліміз бен Ауғанстанның арасы мың шақырым ғана. Қазір Қазақстан ЖОО-ларында ауған жастары білім алып жүр. Олар отанына оралып, мемлекеттік аппаратта, мектептер мен ауруханаларда жұмыс істейді. Әркім өз саласында мемлекетті жақсартуға тырысады. Олар да террористік ұйымдардың біріне қосылып кетуі мүмкін еді ғой. Егер лаңкестер лагерінде дайындықтан өткен іріткі салушылар біздің шекарамызға жақындаса, миллиондаған ақша емес, азаматтарымыздың өмірі қиылады. Осыған жол бермеуіміз керек», - деді Дәурен Абаев.