Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман ресейлік депутаттар - Вячеслав Никонов пен Евгений Фёдоровтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
«12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының «Единая Россия» партиясынан шыққан депутаты, сондағы Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арна арқылы эфирге шыққан мәлімдемесіне байланысты ресми түрде өз ұстанымын білдірді. Алайда ресейлік тараптың ешқандай ресми реакциясы мен оған берген бағасы жарияланған жоқ. В.Никоновтың өзі «бауырлас Қазақстанға деген ең ізгі сезімін» білдіре отырып, «... Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР-нің шекарасы айқындалғанда Қазақстанның мүдделері толығымен ескерілгенін...» жазып, өз мәлімдемесін түзегендей кейіп танытты», - дейді Мұхтар Ерман.
Депутаттың айтуынша ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде «отқа май құятын» арандатушы мәлімдемелер тарап жатыр. Атап айтқанда, Мемлекеттік думаның депутаты Евгений Федоров депутаттық корпустағы әріптесінің сөзін қолдап, «...Қазақстанның қазіргі аумағы Ресейден жалға алынғанын ...» атап өтіп, одан арыға кетті. Бұған әлбетте Қазақстан азаматтары наразылығын білдіріп, әлеуметтік желілерде «қатал қақтығыстар» туындап жатыр.
«Осыған байланысты өзімнің және өзімнің әріптестерім, Мәжіліс депутаттарының атынан ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қарсы арандатушы шабуылдарының достық сипаты жоқтығын және бұл жағдай қазақ пен орыс халықтарының арасында қалыптасқан тату көршілік және одақтастық қатынастарға елеулі зиян келтіретінін айтқым келеді. Осы тұрғыда мен депутат Е.Федоровтың есіне мына жайды салғым келеді: бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресейді стратегиялық серіктестік, Мәңгілік достық пен одақтастық шарты, делимитацияланған және белгіленуі аяқталуға жақын жеті жарым мың шақырымнан астам мемлекеттік шекара байланыстырады. Ойға сыймайтын және орынсыз мәлімдемелерді жасамай тұрып, осы жағдайдың бәрі де ескерілуі керек», - дейді ол.
Мұхтар Ерман мұндай мәлімдемелердің Мемлекеттік дума депутаттарының, көпұлтты мемлекеттің халық қалаулыларының аузынан шығып жатқанына өкінішін білдірді.
«Біз парламенттік қызметімізде біреуді қорлап, арандатып, мұндай мәлімдемелерге жол бермеуіміз керек. Достығымызды қастерлеп, бағалауымыз керек. Біз Ресейдегі парламенттік корпустың басым көпшілігі осы позицияны ұстанбайтынына, қазақстандық-ресейлік қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екеніне сенімдіміз. «Хайп» аңшыларныың мұндай ұлтаралық және аумақтқ тақырыптағы демарштары біздің жүздеген жылдар бойы достығымыздың іргесін бекітген миллиондаған қазақ пен орыстың намысына тиеді.
Осыған байланысты біз Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасының бұған қатысты тиісті бағасын күтеміз. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы сенімді қарым-қатынасты сақтау үшін біз ресейлік әріптестерімізді бұдан әрі Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінің осындай сипаттағы мәлімдемелеріне жол бермейтін шаралар қабылдауға шақырамыз», - деді Мұхтар Ерман.
Еске сала кетсек 12 желтоқсанда осы мәлімдемелерге байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылған болатын. Кездесу барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы «Қазақстан аумағы - Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді. Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді.
Ал сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау» екенін жеткізген болатын.