25 қаң, 2021 сағат 10:06

Өткен жылы елімізде қылмыс көлемі 30% қысқарды

Өткен жылы елімізде қылмыс саны 30 пайызға қысқарды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, Ішкі істер министрлігінде ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, онде еліміздің ішкі істер органдарының өткен жыл ішіндегі жұмысын қорытындыланды және алдағы кезеңдегі міндеттері қаралды. 

«Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрлігінің елдегі қауіпсіздікті лайықты деңгейде қамтамасыз еткендігі аталып өтті. Қылмыс саны үштен бірге, қоғамдық орындардағы қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде тонау, қарақшылық, бұзақылық, ұрлық екі есеге жуық қысқарды. Кәмелет жасына толмағандар, бұрын сотталғандар, мас адамдар жасайтын қылмыстар, сонымен қатар адам өлтіру айтарлықтай азайды», - деді ол. 

Ресми өкілдің айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстардың басым бөлігін ашу жақсарды. 

Есірткі қылмысы да көбірек әшкереленді. 

Ұялы телефон ұрлығы - 51 пайызға, пәтер ұрлығы - 63 пайызға кеміді. 

«Сондай-ақ ІІМ қызметкерлерінің жедел және заңшығармашалық жұмысының арқасына мал ұрлығының деңгейі 40 пайызға төмендеді. Осылайша, ел басшылығы ІІМ алдында жүктеген маңызды міндеттердің бірі орындалды», - деді Нұрділдә Ораз.