Жыл басынан бері зорлық-зомбылыққа ұшыраған 46 901 адам полицияға жүгінген. Бұл туралы зорлық-зомбылыққа қарсы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанда, полиция қызметі агрессорды жедел тұтқындауы қажет. Әйел бала-шағасымен Дағдарыс орталығын жағалап жүрмеуі керек. Әйелдерді құқықтық көмекпен қамтамасыз етіңіздер. Біздің қорға хабарласатын әйелдер де ең алдымен құқықтық көмек сұрайды. Құқықтық сауатсыздық кесірінен халық өзін сотта қорғай алмайды. ҚР ІІМ статистикасына сүйенсек, 2020 жылдың 4 айында 46 901 адам полицияға жүгінген. Ал сотқа 8 мың іс қана жеткен. Оның 4 мыңы ымыраға келген. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылды», - деді Дина Таңсәрі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткізген онлайн жиналыста.
Оның айтуынша, әйелдер арызын қайтарып алуға мәжбүр, өйткені агрессор 3 сағаттық профилактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады және әйелдің өміріне тағы қауіп төнеді.
«Дағдарыс орталықтары әрине керек, бірақ оның қазіргі жұмысына көңілім толмайды. Әйелдер көмек үшін орталыққа келеді де, қатаң тәртіпке, казармалық өмірге тап болады. Көп әйелдер Дағдарыс орталығын әйелдер колониясы немесе режимдік нысан деп атайды. Бірақ олардың басқа баратын жері жоқ, өйткені заң агрессорды қуып шығуға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде жәбір көрсетуші ортақ баспанада қалып, әйелдер мен балалар жасырынып жүруге мәжбүр болады. Біз кімді жазалап жүрміз? Егер мемлекет көмектескісі келсе, теңдей құқықпен қамтамасыз етсін. Ал мұнда жәбірленуші мен балалар жазаланып жүргендей. Осы отырысқа қатысушылардан сұрап көрейін, өз үйіңіз, өз төсегіңіз, өз әдеттеріңіз бола тұра, Дағдарыс орталығына барып, 10 адаммен бір бөлмеде тұруға, күн тәртібімен оянуға, дайындап берген тамақты ғана жеуге келісер ме едіңіздер? Неге жәбір көрсетушінің үйде қалуына рұқсат беріледі? Осындай жағдайға келіспегендіктен әйелдер күйеуіне қайта оралуға мәжбүр», - деді қоғам белсендісі.
Сонымен бірге, спикер қорғаныс бұйрығын бұзғандарды қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды.
«Қазір әйеліне жәбір көрсетуші полиция бөліміне барады да, профилактикалық жұмыс жүргізілді деген бір жапырақ қағазға қол қояды. Мұның барлығы – шартты нәрселер. Ешкім онымен түсіндіру жұмысын жүргізбейді. Мұндай құжатты америкалықтар бұзбауға тырысады, өйткені бұл бұйрықты бұзса, 5 жылға дейін абақтыға қамалатынын біледі. Ал біздегі жәбір көрсетушілер үшін бұл – жай ғана қағаз. Соңғы 4 айда полиция 30 мыңнан астам қорғаныс бұйрығын бердік дейді. Бұл не береді? Кімді тоқтатады? Сол үшін зорлықпен күрес және құрбандарға көмек жұмыстарын қадағалайтын үйлестіру орталығы керек», - деді Дина Таңсәрі.