«Qazaqstan» ұлттық арна түсірген сериалдар АҚШ, Пуэрто-Рико, Канада, Латын Америкасы елдерінде көрсетіледі. Бұл туралы «Astana Media Week 2020» барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы жылдары өнімдерді шетелдік телеарналарға белсенді сату арқылы жаңа қаржы көздерін арттырдық. Карантин кезінде де бұл жұмыс жалғасты. Биылғы жылдың өзінде халықаралық «Ocean New Media, LLC» компаниясы АҚШ, Пуэрто-Рико, Канада, Латын Америкасы елдерінің спутниктік және кабельдік арналары мен интернет платформалары үшін бізден 8 сериал, 6 анимациялық мультфильм сатып алды. Енді компания біздің контентті португал, ағылшын, испан тілдеріне аударып өз көрермендеріне ұсынады», - деді ол.
Оның дерегінше, жалпы бөлім саны 242 болатын 10 сериал ТМД-дағы ең үздік онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасына сатылды. IVI.RU контенті бір айда 50 миллионға жуық қаралым жинайды.
«Бұл – біз үшін үлкен нарық», - деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар Ләззат Танысбай бүгінгі таңда корпорация медиаактивтеріне қарасты сайттардың тұрақты пайдаланушылар саны 7 млн-ға және «Qazaqstan», «Abai tv», «Balapan», «Qazsport» арналарының YouTube желісіндегі жазылушыларының саны 4,3 млн-ға жеткенін айтты.