Фото: ҚР СИМ
Өскемен қаласында тұтынушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін 81 дана электр шәйнек анықталып, сөрелерден алынып тасталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру барысында «Технодом» дүкендер желісінен VITEK VT-1122 TR маркалы, көлемі 1,7 литрлік электр шәйнек сатып алынып, Кеден одағының техникалық регламенті – ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» талаптарына сәйкестігі зертханалық сынақ арқылы тексерілді.
Сынақ нәтижелері шәйнектің нақты қуаты бекітілген нормалардан айтарлықтай ауытқитынын көрсетті.
-
220 В кернеуде — 1617 Вт (−12,6 %)
-
240 В кернеуде — 1824 Вт (−17,1 %)
Мамандардың айтуынша, мұндай ауытқулар тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Соның нәтижесінде дүкен желісіне аталған модельді сатылымнан алып тастау туралы ресми хабарлама жолданып, жеткізушіге заңбұзушылықтар жойылғанға дейін өнім жеткізуді тоқтату талап етілді.
Еске салайық, техникалық регламент талаптарына сай келмейтін өнімдерді сату Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабына сәйкес жазаланады:
-
Жеке тұлғаларға – 90 АЕК
-
Лауазымды тұлғалар немесе шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 195 АЕК
-
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК
-
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.
Мамандар тұрғындарды электр құралдарын сатып аларда сертификат пен қауіпсіздік талаптарына назар аударуға шақырады.
