Өскемен қаласында пәтерден 19 млн теңгенің мүлкін ұрлаған үш адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына хабарласқан тұрғын пәтерін белгісіз біреулердің тонап кеткенін жеткізді.
Есікті бұзып ішке кірген олар 19 млн теңгенің мүлкін ұрлап кеткен.
«Аталған факті бойынша дереу ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігіне сәйкес (аса ірі көлемде жасалған ұрлық) тергеу амалдары басталды. Іздестіру шаралары барысында 3 күдікті ұсталды. Олардың бірі Жарма ауданы Жаңаөзен ауылының 47 жастағы тұрғыны болса, 36 жастағы екеуі - Өскемен тұрғыны. Ер адамдар өз кінәсін толық мойындап отыр», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Тергеу барысында күдіктілердің бірінің саяжайында заңсыз сақталған қару анықталды.
Тінту жүргізген полицейлер 9 мм калибрлі тапанша мен үш оқ тапқан. Зауыттық әдіспен жасалған қару атуға жарамды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.