ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату шешімі мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның өз еркімен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші Парламент Мәжілісіне келіп түсті. Зәуреш Хамитқызы ҚР Парламент Мәжілісінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен ОСК мүшесі лауазымына тағайындалған болатын», - деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өкілеттігі тоқтатылып жатқан Зәуреш Баймолдинаның көп жылғы еңбегі үшін алғысын білдірді.
«Зәуреш Хамитқызы - мықты маман, білікті заңгер. Көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды үлкен абыроймен атқарды. Алдағы уақытта да сізге зор табыстар тілейміз. Біздің депутаттық корпус арнайы дайындаған «Алғыс хатымызды» тапсыруға рұқсат етіңіз», - деді Н. Нығматулин.