12 жел, 2020 сағат 08:15

Өрттен бес баласынан айырылған елордалық отбасы ұлды болды

Өрт салдарынан бес қызынан айырылған елордалық отбасында ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Тәңірберген Бердоңғаровтың Facebook парақшасына сілтеме жасап.

«Өрт салдарынан балаларынан айырылып, қайғыға батқан Ситер отбасын сәбилі болуларымен құттықтаймын! Жанымгүл аяғы ауыр болған кезде көз тимеуі үшін бұл туралы ешкімге айтпауымды өтінген еді. Бүгін олардың шаңырағында қуанышты жаңалық! Өмірге ұл келді!», - деп жазды Тәңірберген Бердоңғаров. 

Ол ерлі-зайыптыларды ұлды болуларымен құттықтады.

«Сіздерді халық атынан құттықтаймын және ұлдарыңыздың несібесі арта берсін деп тілейміз! Сіздердің қыздарыңызға деген үлкен махаббаттарыңыздың, қарындастарының құрметіне орай лайықты мұрагер болсын! Бұл махаббат оны барлық жамандық атаулыдан сақтасын. Бауы берік болсын!», - деп жазды ол.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 4 ақпанда Ситер отбасында бүкіл елді дүрліктірген қайғылы оқиға болды. Жер үйден шыққан өрт салдарынан олар бес қызынан айырылды.