ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ғылым қорының кадрларын алмастырып жатыр. Қордың Басқармасы мен Директорлар кеңесінің құрамы жаңартылды. Бұл туралы белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Facebook-те мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы жылдары Ғылым қорында дау-жанжалдар болғанын өздеріңіз білесіздер. Бірақ бүйте беруі мүмкін емес. Министр Асхат Аймағамбетов кадрларды ауыстырып жатыр, соның арқасында қордың Басқармасы мен Директорлар кеңесінің құрамы жаңартылды, Қордың да қызметінде өзгерістер болып жатыр», - деп жазды О. Құдайбергенов.
Қордың Директорлар кеңесінің жаңа құрамына: Зарема Шәукенова (ҚСЗИ директоры), Бибігүл Өтепқалиева (БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары), Амангелді Тойбаев (ҚР Қаржы министрлігінде басқарма басшысы), Мақсат Жабағин (БҒМ Ұлттық биотехнологиялар орталығында зертхана меңгерушісі), Әсемгүл Молдажанова (ЕҰУ бірінші проректоры), Вассилиос Турассис (Назарбаев Университетінде декан), Дөрбетхан Сұраған (НУ профессоры) және О.Құдайбергенов кірген.
Басқарманың жаңа төрағасы Арын Орсариев болды. Ол бұған дейін БҒМ жауапты хатшысы қызметін атқарған.
О. Құдайбергенов 3-6 айдың ішінде қорға деген көзқарасты өзгертіп, 2-3 жылда қоғамға пайдасы бар қолданбалы ғылыми идеяларды жаппай қаржыландыруға қол жеткізуге уәде берді.
«Басқарма мен Директорлар кеңесі түгел қабылданатын шешімдер ашық, жариялы болуына келісіп алдық», - деп мәлімдеді О. Құдайбергенов.