17 қар, 2016 сағат 12:01

Өрлеу мен өркендеу жолы

Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздігімізді жария­лағаннан бергі 25 жыл ішінде еліміз елеулі табыстарға қол жеткізді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды, әлеуметтік ахуал тұрақтанды. Елбасының алдымен экономика, содан кейін саясат деген ұстанымы өз жемісін берді.

Соңғы жылдарда елімізде демографиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылдан бастап халық саны төмендеген болса ал 2000-шы жылдың басында жағдай түзелген еді. Жаңа мыңжылдық халқымыз үшін табысты басталды. Экономиканың сан саласында жүргізілген реформалардың әсерінен адами даму индексі бір­шама жоғарылады. Бұл – еліміздегі әлеуметтік саланың орнықты дамуының көрсеткіші. Демо­графиялық өсімге елде­гі әлеуметтік ахуалдың тұрақты­лығы әсер ететіні белгілі. Ал табиғи өсім денсаулық сақтау саласы­ның тұрақты дамуын көрсе­теді. Елбасымыз айтқандай, меди­цинаның арқасында біз күр­делі ота жасайтын 20 мемлекеттің қатарына кірдік. Жүрекке жа­сала­тын бір ота 50 мың доллар тұратынын ескерсек, халық денсаулығын сақтау қаншалықты маңызды іс екенін түсінуге болады.

Ширек ғасырдың бедерінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласы отандық медицинамен бірге өрледі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды бастан кешіп, көп­теген қиындықтардан өтті. Деген­мен, әрбір түйткілді жағдай сала мамандарына алға ұмтылуды үйретті. Соның нәтижесінде емдеу ісінде жаңа технологиялар қол­дануға көштік. Жаңа жүйеге бет бұрдық. Бұл қадам өз кезе­гінде жемісін берді. Соның арқасында біршама белестерді бағын­дырдық. Тәуелсіздік жылдарында облыстық денсаулық сақтау жүйесін қар­жыландыру көлемі еселеп өсті. Мәселен, 2005 жылы 9,2 миллиард теңге бөлінсе, биылғы бөлінген қаржы 40 миллиард теңгені құрады. Яғни, 11 жылдың ішінде 4,4 есеге артып отыр. Ал бұл өз кезегін­де медициналық қызметтің сапасын арттыруға серпін берді. Ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Елді мекендерде жаңа емдеу мекемелері бой көтерді. Облыс ор­талығында жекеменшік денсау­лық сақтау нысандары ашылып, қызмет көрсетуде бәсекелестік пайда болды.

Тәуелсіздік жылдарында өңірі­міздегі емдеу мекемелерінің басым көпшілігі жаңарды. Оған мына дерек дәлел бола алады. 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, 2009-2015 жылдар аралығында 92 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген. Облыста «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында құны 18,8 миллиард теңгені құрайтын 6 денсаулық сақтау нысаны салынды. «Ауырып ем іздегенше, ауыр­маудың жолын іздеген» маңызды. Мемлекет, жалпы қоғам үшін дерттің алдын алу тиімді. Әлеуметтік мәні бар аурулардың салдарымен күресу қаржылық жағынан да тиімсіз. Өйткені, уақытша еңбекке жарамсыздық кез келген саладағы жұмыстың өнімділігін төмендетеді. Аурудың алдын алу үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажет. Бастапқы көмек көрсететін емдеу мекемелерінің желісін көбейту де маңызды. Сол үшін республикалық «350 дәрігерлік амбу­латория, фельдшерлік-аку­шерлік пункт және емхана салу» жобасы жүзеге асырылды. Облысымызда аталған жоба шеңберінде 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Қазірге дейін соның құны 1,8 мил­лиард теңгеге шақталған 25 меке­менің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.

Биыл Меркі ауылындағы жал­пы сметалық құны 1,8 мил­лиард теңге болатын 250 келу­шіге арналған аудандық емхана құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджет есебінен 1,06 миллиард теңге бөлінді. Оның 932,0 миллион теңгесі игеріліп, емхана пайдалануға берілді. Елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жаңаруы алдымен материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік берді. Соның арқа­сында ауыл тұрғындары көптеген медициналық талдамаларды аудан орталықтарындағы емха­налардан-ақ тапсыра алатын болды. Нәтижесінде қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтай алатын жағдайға жеттік. Атқарылған мақсатты шаралардың арқасында өлім-жітім көрсеткіші 1992 жылмен салыстырғанда 24,0 пайызға, аналар өлімі 48,6 пайызға, нәресте өлімі 69,2 пайызға төмендеді.

Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізудің негізгі тұжырымы ретінде ұсы­нылған «Қазақстан-2050» Страте­гиясындағы негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары денсаулық сақ­тау жүйесін қалыптастыру. Яғни, денсаулық сақтау саласында бәсекеге қабі­леттілікке қол жеткізу үшін қоғамдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейіне тиімді менеджмент енгізу, со­ның ішінде жаңа медициналық тех­нологияларды жасау мен прак­тикаға ендіру талап етіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кепілдемесіне сәй­кес, денсаулық сақтау саласына тап осындай жоғары сапалы ғылыми-зерттеулер мен инновацияларды енгізу тұрғындардың ұлттық деңгейдегі де, жаһандық ауқымдағы да денсаулық жағдай­ларын жақсартуға бағытталуы тиіс. Ал бәсекеге қабілеттілік қандай жағдайда анықталады. Әрине, бәсекелес орта болғанда. Осы тұрғыдан алғанда біздің өңірімізді медициналық қыз­меттің сапасын арттыру үшін нағыз бәсекелі орта деуге болады. Облысымызда жоғары медициналық қызмет көрсететін жекеменшік клини­калар бар. Мәселен, жүрек дерті­не шалдық­қандар облыстық ауруханадағы арнайы бөлімшеге немесе білікті кардиохирург Сейітхан Жошы­баевтың Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына, «Жүрек» клиникасына қарала алады. Емдеу-диагностикамен айналысатын жекеменшік меди­циналық орталықтар да көп біздің облыста.

img_3675-1Тоқырау жылдарындағы күрделі мәселенің бірі маман тап­шылығы болатын. Кадр­лық зәрулік ауылдық жерлерді былай қойғанда, облыс орталық­тарында да өткір күйінде қалған. Бүгінде бұл түйткілдің де түйіні тарқатылғандай. Өңірде денсау­лық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы біртіндеп шешілуде.

Былтыр облысқа 85 жас маман келді. Оның 56-сы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен елді мекендерге жіберілді. Атал­ған бағдарлама бойынша 52 маманға республикалық бюджет есебінен 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленіп, жергілікті бюджеттен 300,0 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алған. Сарысу ауданының Жаңатас қаласына және Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына келген жас мамандар қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілді. Біз облысқа жас мамандарды тарту үшін жоғары медициналық оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Бұл қадамымыз нәти­жесіз емес. Биылдың өзінде облысқа 22 жас маман келуі – соның дәлеліндей. Келген маман­дардың 16-сы ауылдық денсау­лық сақтау ұйымдарында жұмысқа орналастырылды. Оларға республикалық бюджет есебінен 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек, баспана алуға немесе салуға 1500 айлық есептік көрсеткіш есебінде әлеуметтік несие беріледі. Нақтырақ айтсақ, жергілікті бюд­жет есебінен 800 000 теңге мөлшерінде қаржы бөлініп, баспана мәселесі қарас­тырылған.

Саладағы түйткілді мәселе­лер білікті кадрлардың тапшы­лығынан туындайтыны белгілі. Жалпы, медицина үздіксіз даму­шы сала болғандықтан, маман­дардың біліктілігін арттырып отыру – аса маңызды іс. Біздің өңірі­мізде дәрігер мамандардың біліктілігін көтеру ісі дұрыс жолға қойылған. Кадрлардың білік­­тілігін арттыруға 2015 жы­лы 69 миллион 646 мың теңге қарас­тырылса, биыл 52 миллион 624 мың теңге қаражат бөлінді. Былтыр Санкт-Петербург қала­сында – 3, Қорған қаласында – 2, Мәскеуде – 2, Лондонда 4 дәрігер біліктілігін арттырып келді.

Облыстық перинаталдық орталығы базасында «Қазақ ме­ди­циналық үздіксіз білім беру уни­верситеті» акционерлік қоға­мының ұйымдастыруымен Литва Республикасының мамандары мен оқытушылары «Қауіпсіз ана болу» заманауи позицияларына сәйкес перинаталдық көмек көрсетуді жетілдіру» тақы­рыбында шеберлік сыныбын өткізді. Ана мен бала денсау­лы­ғын арттыру жолдарын үйрет­кен курста өңір бойынша 23 маман оқыды.

Елбасының қолдауымен емдеу, алдын алу мекемелерінің заманауи үлгіде бой көтеруі, тұрғындарға сапалы медици­налық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлық тұрғындардың орташа өмір жасы­ның ұзаруына әсер еткенін жоққа шығара алмаймыз. Біздің мемлекетімізде қашан да қоғам­ның басты байлығы саналатын адамға, адамдар денсаулығын сақтауға баса назар аударылады.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласының өрлеуі мен нығаюы еліміздің даму тарихын көрсетеді. Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауларында тұрғындардың денсаулығын жақсартуға баса көңіл бөліп отырады. Бұл бағытта дамуға қажетті алғышарттарды жасап та берді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да сала ісіне серпін беретін нақты қадамдар көрсетілген. Биылдан бастап 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдар­ламасы жүзеге асырылуда. Бағ­дарламада көрсетілген міндеттерді басшылыққа ала отырып, біз дамудың нақты индикаторларына қол жеткізу үшін бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі аясында әрі қарай мақсатты түрде жұмыс жүргізе беретін боламыз. Адам мамандығының құлы болмай, оның еңбегінің құны болмайды. Біздің басты құндылығымыз – халық денсаулығын арттыруға бағытталған істер.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ,

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы

ТАРАЗ

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН