Фото: Facebook.com
Orda.kz редакторы Гүлнар Бажкенованың кеңсесі мен пәтерінде қазір тінту жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ult.kz HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, азаматша Б.-ға қатысты бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Тергеу барысында арызданушылардың уәждері тексеріліп жатыр. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы бір материалда құқық қорғау органдарының қызметкері пара алған сәтінде ұсталды деген дерек таратылған. Алайда мұндай оқиғаның болмағаны анықталған. Бұл жағдай аталған қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған.
Тағы бір жарияланымда мүліктік даудағы залал көлемі мен себептері бұрмаланып берілген. Бұл да қоғамды жаңылыстырып, арызданушының іскерлік беделіне елеулі зиян келтірген.
Бұдан бөлек, алдыңғы жылдардағы бірнеше материал бойынша да жәбірленушілердің шағымдары негізінде тергеу жүргізіліп жатыр. Оларда да жалған немесе шатастыратын ақпарат болуы мүмкін деген болжам бар.
Полицияның хабарлауынша, Гүлнар Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жарияланған ақпараттардың қалай дайындалғаны мен таралғанын анықтау үшін электронды құрылғылар мен материалдар алынып жатыр.
Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жай заң аясында анықталатыны айтылды.
