30 шіл, 2021 сағат 23:15

Ордабасыда «ұшақтар дәрі шашып жатыр» деп жалған хабар таратқан жігіт кешірім сұрады


Түркістан облысында «Ұшақтар дәрі шашып жатыр» деп желіде жалған ақпарат таратқан ер азамат анықталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

WhatsApp желісінде «АН-2» маркалы ұшақтарын түсірген бейнежазба мен белгісіз ер адамның «ұшақтар дәрі шашып жатыр, соған байланысты жиналамыз» деп айтып жатқан аудиожазбасы таралды.

Бұл бейнежазба бойынша Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері тиісті жұмыс жүргізді. 

Полицейлердің анықтағанына қарағанда «АН-2» ұшақтары Ордабасы ауданы Қара аспан ауылдық округінің маңына қонған. 

Аталмыш ұшақтар Шымкент қаласының тұрғыны, яғни ЖШС-лардың бірінің иесіне тиесілі екені белгілі болды. 

ЖШС иесі ұшақтарды Қара аспан ауылдық округінің маңынан жалға алған егістік алқапқа тыңайтқыш шашу үшін әкелген. 

Аталмыш көліктер келесі жылдың көктеміне дейін сол маңда тұрып, егістікке пайдаланылады.

Сондай-ақ полицейлердің тиянақты жұмысының нәтижесінде жалған ақпар таратқан жігіт те анықталды. 

Ол Қара аспан ауылдық округінің тұрғыны болып шықты. 

Бүгінгі таңда Ордабасы АПБ полицейлерімен ер азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Жігіт өзінің жасаған кінәсін толығымен мойындап, барша тұрғындардан кешірім сұрады.