06 сәу, 2019 сағат 12:21

Қазақстандық Ержан Максим «Голос. Дети» конкурсының финалына шықты (Видео)

Оралдық әнші Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» конкурсының финалына жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ержанның анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, Валерий Меладзенің командасында болған 11 жасар ұлы «Жекпе-жектер» кезеңінен сүрінбей өтті.

Онда жас дарын өзімен бірге конкурста бақ сынап жатқан Иван Стариков және Ислам Балкоевпен Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» әнін орындады. Тәлімгері В.Меладзе осы үшеуінің ішінен Ержанды таңдады.

Бағдарлама соңында қатысушылар тағы да іріктелді. Соның нәтижесінде екі финалист анықталды. Е.Максиммен бірге Михаил Григорянға финалға жолдама берілді.

Бір қызығы, Ержан ән айтып жатқан кезде стақан жарылып кеткен. Видеоның астына пікір жазып жатқандардың бірі әншінің зор даусы мен энергетикасынан шыны шатырлап сынды десе, енді бірі мұның телеарнадағы арнайы эффект екенін айтады. 


Мұның алдындағы сында Ержан Андреа Бочеллидің «Ama credi e vai» әнін орындап, тамаша дауысымен қазылар алқасын таңғалдырған болатын. Қазылар Светлана Лобода, Пелагея және Валерий Меладзе үшеуі бірдей бұрылып, қазақстандық жас орындаушыны өзіне баулуға алуға ықылас білдірді. Ержан солардың ішінен атақты әнші Валерий Меладзені таңдаған еді.

«Жекпе-жектер» кезеңі 2 наурызда өтті. Тек байқаудың ережесі бойынша нәтижесін ешкімге айтуға болмайтын еді. Сондықтан қорытындысы кейін белгілі болып жатыр. Енді 19 сәуірде қосымша кезең, 26 сәуірде финал және суперфинал болады. Ержанның Оралдағы ұстазы - белгілі әнші Дария Бақытова. Ақтаудағы вокалист ұстазы - Нұргүл Медербекова. Қазір Ақтау қаласында дайындалып жатырмыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Г.Әлібек.

Ержан Максим - жастығына қарамастан, республикалық, халықаралық додаларға қатысып, топ жарып үлгерген талант.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Максимнің Ригада өткен фестивальда үш мәрте жүлдегер атанғанын, Италияның Сан-Ремо қаласында бірінші орынды иеленгенін жазған болатынбыз.  

Өкінішке қарай, тағы бір қазақстандық 9 жастағы Жан Маким байқаудың келесі кезеңіне өте алмады.