БҚО полицейлері жұмысқа орналасу үшін жалған ПТР-анықтама сатып алған Орал қаласының үш тұрғынын ұстады. Енді олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Тергеу барысында жалған сынаманы жұмысқа орналасу мақсатында сатып алған үш тұрғынының жеке басын анықталды. Олар - Орал қаласының тұрғындары. Оларға қатысты ҚР ҚК-ның 385-бабы бойынша ("Әдейі жалған құжат қолдану") соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деді БҚО полиция департаментіндегілер.
Айта кетейік, БҚО криминалдық полициясының қызметкерлері сақтандыру компаниясының он тоғыз жасар екі қызметкерін ұстағаны хабарланған болатын. Жастар сканерленген ПТР-сынамасын қолдана отырып, бес мың теңгеге жалған ПТР-анықтамасын жасаған.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ұсталғандардың Орынбордағы медициналық мекеменің шақыру хаттарын қолдан жасағанын анықтады. Жалған құжат Қазақстан азаматтарына тиісті қызметтерді алу үшін медициналық мекеменің шақыруы бойынша мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндік берген.
