Орал қалалық сотында Орал қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Н.Алхиев ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған параның 55 еселенген көлемінде, яғни 23 млн 650 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Ол сонымен қатар мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот талқысында мәлім болғанындай, биылғы 18 қаңтарда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен Орал қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы мен «СаудаЕт» ЖШС-ына аталған серіктестікке қатысты камеральдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар жөнінде хабарлама жіберілген.
Н.Алхиев ЖШС құрылтайшысы А.Слетадан серіктестіктің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтату жөніндегі шектеу шараларын алып тастау үшін 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара талап еткен. Слета сол күні 430 мың теңге берген.
Бірнеше күн өткеннен кейін Н.Алхиев аталған серіктестіктің «Слета А.А.» жеке кәсіпкерлігінің 2019-2020 жылдардағы өнім жеткізушісі болғандықтан, шектеулерді алып тастау өзін жауапкершілікке тартуға әкеліп соғатынын түсінген. Наурыз айының ортасында ол Слетаға шектеулерді алып тастай алмайтынын, сондықтан 430 мың теңге көлеміндегі параны кері қайтаратынын айтқан.
Н.Алхиев 16 наурызда 1 мың АҚШ долларын кері қайтарғаннан кейін БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қолына түскен.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.