08 шіл, 2021 сағат 16:33

Оралда оқ атып, адам өлтіруге оқталған тұрғын сотталды


БҚО қылмыстық істер жөніндені мамандандырылған ауданаралық сотында Райымбек Серіков, Алпамыс Нәсіпқалиев және Айдос Баянғалиевке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Судья Шара Зайнуллинаның мәлім еткеніндей, Р.Серіков Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағымен (бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу), 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен, 58-бабы 4-бөлігімен (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, азаматтарға күш және атыс қаруын қолданып бұзақылық жасау), 60-бап негізінде 15 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

А.Нәсіпқалиев ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, азаматтарға күш және атыс қаруын қолданып бұзақылық жасау) айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді. 

А.Баянғалиевке ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағына (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, азаматтарға күш қолданып бұзақылық жасау) сәйкес 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылау орнатылды. 

Сот тергеуінде анықталғанындай, өткен жылы 20 қазанда сағат 21.30 шамасында «Белое солнце» мейрамханасы жанындағы сайда сотталушылар мен жәбірленушілер кездескен. Сол жерде А.Нәсіпқалиев мылтықпен үш рет аспанға оқ атқанда, жәбірленушілер жан-жаққа қаша жөнелген. А.Нәсіпқалиев пен А.Баянғалиев жәбірленуші Ш.Құлжановты қуып жетіп, соққыға жыққан. Ал Р.Серіков А.Нәсіпқалиевтен мылтықты алып, тергеу анықтамаған бір топ адамға бағыттап, үш мәрте оқ атқан. 

Сосын қашып бара жатқан топты қуып, «Компот» асханасының тұсында адам өлтіру мақсатында жәбірленуші К.Абитовты бір мәрте атып, оның сол жақ бүйірін жарақаттаған. 

К.Абитов жарақаттанған күйі «Компот» асханасы артындағы «Плит Сервис» ЖШС ауласына қарай қашқан. Р.Серіков тағы бір мәрте оқ атқанымен, тигізе алмаған. К.Абитов күзетшінің будкасына кіріп, тығылған. Р.Серіков мылтығын тағы да оқтап, ауладан К.Абитовті іздегенімен, таба алмаған.

Сотталушылар А.Нәсіпқалиев пен А.Баянғалиев тағылған айыпты толық мойындады. Р.Серіков ішінара мойындап, жәбірленушіні өлтіру емес, қорқыту мақсатында оқ атқанын мәлімдеді.

Сотталушылардың кінәсі олардың сотқа дейінгі және сотта берген, сондай-ақ жәбірленушілердің, куәлардың жауабымен, оқиға орнын қарап тексеру хаттамаларымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, сот талқылауында қаралған «Плит Сервис» ЖШС-ның сыртында орналасқан камераның бейнетаспасы және басқа да іс материалдарымен дәлелденген. 

Прокурордың талап арызы бойынша жәбірленуші К.Абитовтің стационарлық еміне жұмсалған 278 384,24 теңге Р.Серіковтен толықтай өндірілді. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.