06 қыр, 2021 сағат 13:55

Оралда медицина қызметкері 15-тен аса жалған вакцинация паспортын жасаған


Оралда медицина қызметкері 15-тен аса жалған вакцинация паспортын жасап сатқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік департаменті Орал қаласындағы емханалардың бірінің қызметкері жалған екпе төлқұжаттарын жасағанын анықтады.

Медицина қызметкері алдын ала сөз байласу арқылы ақшалай сыйақы алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің "Вакцинация" электрон модуліне екпе салғызу туралы жалған ақпаратты енгізді", - делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, екпе төлқұжаттарына тапсырыс берушілердің негізгі бөлігі мектепке дейінгі ұйымдар мен сауда қызметкерлері.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, республиканың 13 облысында барлығы 26 соталды тергеу басталған. 86 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Еске салайық, мұндай әрекет үшін жауапкершілік ҚР ҚК-ның 385-бабында ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") көзделген.