26 қаң, 2021 сағат 17:31

Оралда базарда 2 жүк тиеуші төбелесіп, біреуі жансақтау бөліміне түсті

Оралда базарда 2 жүк тиеуші төбелесіп, біреуі жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 23 қаңтар күні орталық базарда болған.

Осында жүк тиеуші болып істейтін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 26 жастағы тұрғын 18 жастағы әріптесінің жұмыс орнына келген. 

Сосын жасымды неге сыйламайсың деп тиіскен. Екеуінің арасындағы талас төбелеске ұласып, соның салдарынан 18 жастағы жүк тиеуші жәбірленушіге дене жарақатын салған. 

26 жастағы жүк тиеуші қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылса, екіншісі уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 24-99-бабына (адам өлтіруге оқталу) сәйкес Абай полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. 

Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтің нақтылауынша, күдікті жәбірленушінің кеуде тұсына пышақ сұққан.

Өткен аптада облыста 22 ауыр қылмыс жасалса, соның 22-сі (91,7 пайызы) ізі суымай ашылды. Тек ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес тіркелген екі дерек ашылған жоқ.

Ал жыл басынан бері облыста барлығы 403 қылмыс (өткен жылы осы мерзімде – 488) орын алса, соның 259-ы немесе 64,2 пайызы ашылды. 

Соның ішінде 3 аса ауыр қылмыс (өткен жылы – 7) түгелдей әшкереленді. 

Сондай-ақ биыл 65 ауыр қылмыстың 44-і немесе 67,7 пайызы (өткен жылы осы мерзімде 75 қылмыстың 28-і немесе 37,3 пайызы) ашылды.