09 шіл, 2021 сағат 15:59

Оралда банкомат жанында зейнеткердің ақшасын алып қашқан тұрғын ұсталды


Оралда банкомат жанында зейнеткердің ақшасын алып қашқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиеваның айтуынша, оқиға Құрманғазы көшесінде орналасқан банкомат жанында болды.

Белгісіз ер адам күш көрсетіп, зейнеткердің 125 мың теңгесін ашықтан-ашық тонамақ болған.

Жедел кезекші пультіне 1953 жылғы тұрғын хабарласып, белгісіз жас адамның өзіне шабуыл жасап, ақшасын алып, бой тасалағаны жөнінде хабарлаған. Күдіктінің шабуылдаған сәті бейнекамераға түсіп қалған. 

Күдікті бірнеше минуттан кейін қолға түсті. Ол Орал қаласының еш жерде жұмыс жасамайтын 1985 жылғы тұрғыны болып шықты. 

Күдікті кінәсін мойындады, оған қатысты ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне (тонауға әрекеттену) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.