16 там, 2021 сағат 14:00

Оралда 33 жастағы әйел жезөкшелер ұясын ұйымдастырған

 

Оралда 33 жастағы әйел жезөкшелер ұясын ұйымдастырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, аталған әйел бұдан бұрын да осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған.

Соған қарамастан, притон ұстаған әйел үш қызға күш көрсетіп, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.

Б.Белгібековтің сөзіне қарағанда, М.Мәметова көшесі бойында күдікті пәтер туралы жедел ақпарат түскеннен кейін 13 тамыз күні шамамен сағат 06.00-де полиция департаментінің қызметкерлері притон ұйымдастырушы мен оның екі сыбайласын, 1995 және 1996 жылғы әйелдерді қолға түсірді. 

Тергеу барысында аталған топтың 1987, 1998 және 1998 жылғы қыздарды интимдік қызмет көрсетуге пайдаланып, заңсыз пайда тапқаны белгілі болды. Пәтерден 140 мың теңге тәркіленді. Ұсталғандардың түсіндіргеніндей, бұл тек екі күн ішінде түскен ақша болып шықты. 

Интимдік қызмет көрсеткен қыздар мәжбүрлі түрде осындай қадамға барғанын, бағынбаса, күш көрсетілгенін айтып берді.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігіне сәйкес (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.