09 ақп, 2021 сағат 19:01

Оралда 10 жасар баланы көлігімен қағып өлтірген қызға үкім шықты

Оралда он жасар баланы көлігімен қағып өлтірген қызға үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орал қалалық сотының үкімімен 22 жастағы қыз ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. 

Ол сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. 

Сот талқысында анықталғандай, сотталушы 17 қараша күні сағат 09.11 шамасында «Hyundai Tucson» автокөлігімен Мәскеу көшесімен келе жатып, оқушылар сарайы тұсында реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 10 жасар баланы қағып кеткен. 

Бала қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілгенімен, есін жия алмастан, сағат 10.05-те көз жұмды.

Басты сот талқысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші өкілі де қазіргі таңда сотталушыға қояр талабы жоқтығын жеткізіп, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.

Сот үкім шығарған кезде сотталушының жеке басы мен жастығын және қыз бала екенін, бұрын сотты болмағанын, істің мән-жайын, жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жәбірленуші өкілінің сотталушыға қатысты жаза тағайындау жөніндегі пікірін ескерді.

БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, үкім заңды күшіне енген жоқ.