Орал қаласында пышақ жарақатын алған әйел жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 26 сәуір күні сағат 00.10-да Құрманғазы көшесі бойындағы үйдің кіреберісінде болды.
«Бұрын сотталған 1983 жылғы тұрғын 1988 жылғы әйел мен 1989 жылғы ер адамды пышақтаған. Соның салдарынан әйел облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Ер адам дәрігер қарағаннан кейін үйіне жіберілді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігіне (қасақана ауыр дене жарақатын салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, оқиға Құрманғазы көшесі 163-үйде болып, жедел жәрдемге сағат 00.20-да қоңырау шалынды. Бригада жеткен кезде кеуде тұсы мен жамбасынан пышақ жарақатын алған әйел пәтерден табылған. Ішінен жарақат алған ер адам мас күйінде көшеде болған.