#
#
Сенбі 16/01/2021

Оппозиционер – ойнайтын рөл емес, өмір салты болуы тиіс

  • 29.12.2020
  • 0
  • 1216

Кейбір партия оппозиция рөлін ойнауға тырысуда, бірақ халық оған сенбейді. Бұл туралы белгілі саясаткер, саясат ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Azattyq Rýhy агенттігіне сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Айқын» газеті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндетке сәйкес, биылғы жазда «Парламенттік оппозицияға» қатысты заң қабылданды. Құжатта оппозиция үшін бірқатар артықшылықтар қарастырылған. Осындай мәртебеге ие фракция өкілдеріне әрбір парламенттік тыңдау мен үкімет сағатында, палатаның жалпы отырысында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында міндетті түрде сөз беріледі. Олар Үкіметтің заң жобасына балама жобаны ұсыну құқығына ие. Бұдан бөлек, олардың өкілдері комитет төрағалығына ұсынылады.

Парламенттік оппозиция мәртебесін иеленуге бірнеше партия таласуда. Әсіресе, «Ақ жол» партиясы белсенділік танытып келеді. Оның жетекшісі А.Перуашев тіпті бірқатар өткір мәлімдеме жасады.

«Мен Азат Перуашевтің өткір мәлімдемесіне жолыққан кезде британдық атақты жазушының естелігін еске түсіремін. Оған бірде адвокат танысы қызықты қағиданы айтып береді: егер қорғаушы ретінде сөз сөйлесең, заң аясынан аспа! Ал егер соттан тыс таласқа қатыссаң, әй-шәйға қарамай, ақырып, айғайла, үстелді тоқпақта! Бұл әрине, күлкіңді келтіретін көрініс. Батырып-батырып сөйлеуге тырысқанда Азат Перуашев сол адвокатты көзге елестетеді», – деді Ермұхамет Қабиденұлы.

 «Мынаны қараңыз: Азат Тұрлыбекұлы парламенттік республика құру қажет деп мәлімдеді. Ол 2012 жылдан бері депутат. Сонымен бірге 20 жылдан астам уақыттан бері – биліктің адамы. Азаматтық партияны басқарды. Сондықтан ол оппозиционер рөлін ойнағысы келгенімен, оған ешкім сенбейді. Ол нақты ойластырылған, қызықты бағдарлама түзуі қажет еді. Ондай бағдарламасы жоқ. Ол өз партиясын – бизнес пен кәсіпкерлердің қорғаны ретінде көрсетуге бар күшін салып бағуда. Бірақ онысынан да ештеңе шығар емес. Мысалы, Nur Otan партиясын алайық: оның партиялық тізіміндегі кандидаттардың 30%-ы – кәсіпкерлер!» – деді Е.Ертісбаев.

Оның байламынша, Украина немесе Беларусьтен бір айырмашылығы, Қазақстанда бизнесмендер билікке қарсы келгісі келмейді, оларға елде тұрақтылықтың болғаны керек. Тұрақтылық болмаса, тәртіпсіздік орын алып, бизнесі ту-талақай етіледі.

«Оның үстіне «Ақ жолдың» «Адал» партиясы бейнесінде бәсекелесі пайда болды: бұлар өздерінің жалғыз электоратын жан-жаққа жұлмалап жатыр. Екеуі де Nur Otan-мен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Өйткені біздің партияны жүздеген мың жеке шаруашылық субъектілері қолдайды. Олардың бәрі көшбасшы партияға дауыс беруге дайын отыр. Бұл жерде мынаны ұмытпауға тиіспіз: Nur Otan әрбір өңірде, барлық қала мен ауданда филиалын құрумен ғана шектелмей, бизнес нысандарында, кәсіпорындарда бастауыш ұйымдарын ашқан жалғыз партия! Демек, барлығы қамтылған, бақылауда. Филиалдар мен бастауыш ұйымдар күн сайын идеологиялық жұмыс жүргізеді. Осындай жағдайда А.Перуашев өткір мәлімдемелер жасайды, ал онысы еш әсер етпейді, нәтижеге жетпейді», – деп санайды саясаткер.

Оның пікірінше, «Ақ жол» наразы электорат өзіне дауыс береді деп үміттенетін болса керек.

«Бұл ретте 20 жылға сотталған қашқын банкир «Ақ жолды» қолдауға шешім қабылдапты. Бұл енді принципсіздіктің жарқын көрінісі. Nur Otan-нан басқа кез келген партияға дауыс бер деген не, мысалы?! Мұндай ұстаным елді дамуға бастамайды. Айтпақшы, жақында «Зерттеу» қоры халық арасында сауалнама жүргізді. Қазан айында «Қоғамдық пікір» сұрау салғанда, көшбасшы партияны қолдаушылар саны 72,1 пайыз болған. Енді сайлаушылардың 74,5%-дайы Nur Otan-ға дауыс беретінін айтып отыр. Міне, қазіргі кездегі жағдай осындай», – деп түйді Ермұхамет Ертісбаев.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар