26 жел, 2018 сағат 13:17

ОПЕК те, үйлесім де болуы керек - Қанат Бозымбаев

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) шешімдеріне және ол ұйымды қажет етпейтін елдердің ұстанымына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«ОПЕК-ті жабу деген оңай болмайтын шығар. Өйткені, мұнай өндіретін мемлекеттер оны баяғыда құрған. Әлбетте, әлем нарығында әртүрлі пікірталас болады. ОПЕК-ке кірмейтін елдер бойынша келесі жылы, бәлкім, жаңа келісімге келетін шығармыз. Бұл мәселе мұнай саласындағы жалпы үйлесім идеясын пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені, үйлесім болмаса, күні ертең өндіріс қатты өсіп кетсе, онда мұнай бағасы төмендеуі мүмкін», - деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуына қарағанда, осы себепті үйлесім де, ОПЕК те болуы керек.

«Ресей, Мексика, Әзербайжанмен қарым-қатынас құрылып, үйлесе жұмыс атқарылуы тиіс. Бізде де осындай тұрақты режім әрі тұрақты баға болуы керек», - деді Қанат Бозымбав.

Еске сала кетсек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осы айдың басында ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің 5-ші отырысына қатысқан болатын.

«Жиын қорытындысы бойынша, мұнай өндірісінің көлемін 6 айға шектеу туралы келісім жасалды. Келісім күші 2019 жылдың қаңтар айынан басталмақ. Бұл шешім ОПЕК-ке мүше елдердің қара алтынды өндіру көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге немесе әрбір ел үшін 2-ден 2,5%-ға дейін төмендетуді көздейді», - деп хабарлаған еді Энергетика министрлігі.