01 мау, 2018 сағат 12:13

"Оңтүстікте еден жуушы болу үшін де пара беру керек" - Назарбаев

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа өңірде цифрландыру бағдарламасын жүргізу қандай мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Жансейіт Түймебаев өңірде білім беру, денсаулық сақтау салаларында цифрландыру қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады.

«Қазіргі таңда ауруханаларда, емханаларда электронды түрде үйде кезекте тұру, нақты мәліметтер алу мәселесі цифрландыру арқылы жүзеге асуда. Сондай-ақ біз келесі жылдың ортасына дейін бүкіл ауруханалар мен емханаларда толық компьютермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі Елбасыға.

Елбасы бұл жұмыстар барлық облысқа қажет екенін айтты.

«Бұл жұмыстар барлық облысқа қажет. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысына. Бұл «облыс басқа салалардан қалып қалды» деген сөз емес. Облыстағы халық тығыз қоныстанған. Сондай-ақ өзбек ағайындарымен байланымыз жақсарып келеді. Оңтүстік Қазақстанда бәсекелестік те артуда. Олардың сауда-саттыққа, өз жұмысына деген ықыласы бізден гөрі артық екені белгісі. Егер дайын болмасаңдар, қалып қаласыңдар. Барлық бизнеске сол ағайындар келетін болады. Бұл – бірінші мәселе», - деді Президент.

Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанда жемқорлық деректері басқа облыстармен салыстырғанда жоғары екенін айта келе, мұны қалай шешуге болатынын жеткізді.

«Ешқандай реніш болмау керек. Менде неше түрлі хабарлар бар. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін, еден жуушы болу үшін пара беру керек. Мұндай жағдай басқа облыстарда жоқ, тек Оңтүстікте ғана бар. Сондықтан цифрландыру арқылы деректерді ашық алуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде жерді жалға алу, бизнес ашу, мектепке жұмысқа орналасу, ауруханадағы мәселелер өз шешімін табады. Әрине, халық көп, жұмыс орындары да аз шығар. Сондықтан сендер цифрландыруға көшпесеңдер, жоғарыда аталған мәселені шеше алмайсыңдар», - деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.