04 қар, 2019 сағат 15:01

Оңтүстік Кореяда көлігімен бала қаққан қазақстандыққа қатысты тергеу аяқталды

Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы көлігімен қағып кеткен Қазақстан азаматына қатысты алғашқы сот отырысы қараша айының ортасында өтеді. Бұл туралы ҚР СІМ реси өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Оның ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды. Іс сотқа жетті. Алғашқы отырыс қараша айының ортасына жоспарланып отыр. Ертең айыпталушы қазақстандық азамат өзі жалдаған жеке адвокатымен кездеседі», - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Айбек Смадияровтың айтуынша, көлік қағып кеткен баланың жағдайы жақсы.

«Бала есін жиған. Өзі жүріп жүр. Аяқ-қолы сау. Тек басына кішкене зақым келген. Соны емдеп жатыр», - деді ол.

Еске сала кетсек, 16 қазан күні қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы көлігімен қағып, елден кетіп қалған. Ол бұл мемлекетте бір жылдам астам уақыт бойы заңсыз тұрып келген еді. Бүгінгі таңда ол Чанвон қаласындағы тергеу изоляторында жатыр.

Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда көлігімен бала қаққан қазақстандыққа бірнеше айып тағылған болатын.