04 нау, 2021 сағат 09:30

Оңтүстік Африка мен Қытайда коронавирусқа қарсы жалған вакциналар табылды

Қытай мен Оңтүстік Африка полициясы коронавирусқа қарсы мыңдаған жалған вакцина тәркіледі, ал Интерпол бұл «айсбергтің тек басы» ғана болуы мүмкін деп ескертеді, деп хабарлайды interpol.int.

Интерполдың 3 наурыздағы есебінде Оңтүстік Африка полициясы жалған вакциналар жасайтын желіні жойғаны айтылған. 

Оңтүстік Африка полициясы жақында сол елдің Гаутенг провинциясындағы қоймадан коронавирусқа қарсы 2400 доза жалған вакцина мен жалған 3M маскалардың тәркіленгенін және сол жерде 3 қытай азаматы мен 1 замбиялықтың тұтқындалғанын хабарлады. 

Сонымен қатар, Қытай полициясы осы жылдың ақпан айында зауытта жалған вакциналар жасады деген күдікпен 80 адамды ұстады және кем дегенде 3000 доза вакцина тәркіледі. 

Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілі құқық қорғау органдарының тиісті шаралары вакцинамен байланысты қылмыстармен күресуге бағытталғанын және осыған ұқсас қылмыстардың алдын алу үшін Интерполмен және басқа елдердегі полициямен ынтымақтастық орнатылғанын мәлімдеді. 

Интерполдың бас хатшысы Юрген Сток бұл вакцинамен байланысты қылмыстардың басы, шағын бір бөлігі ғана деп санайды. Өткен жылдың желтоқсан айында ұйым 194 мүше мемлекетке жалған вакциналардан сақ болу туралы ескерту жасап, жалған медициналық заттарды қалай ажырату керек деген бағытта кеңес берген. 

Интерпол хабарламасында интернетте сатылатын вакциналар заңды өнім болмауы және сынақтан өтпеуі мүмкін екені баса айтылады. Жалған вакциналарды қолдану өмірге қауіп төндіруі мүмкін.