«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында БҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимов апта сайын онлайн режимде азаматтарды қабылдайды. Осындай онлайн қабылдаудан кейін жас мамандар жұмысқа тұруға мүмкіндік алды, -деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
БҚО полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері департамент бастығының қабылдауында 23 тұрғын болды. Сонымен қатар оған кез келген адам Фейсбук пен Инстаграмм әлеуметтік желілері арқылы хабарласа алады.
«Осы әлеуметтік желі арқылы хабарласқан Теректі ауданында тұратын жас маманның мәселесі шешілді деуге болады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жас қыз полицияға қызметке тұрғысы келген, бірақ бойы келмеген. Осы орайда ол осы мақсатынан қайтпай менің атыма хат жазып, өтініш білдіріпті. Мен ол жас маманды қабылдадым», - деді БҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимов.
Осы орайда Мақсұтхан Нұғманұлы жас маманды қабылдап, оны полиция департаментіне әкімшілік мемлекеттік қызметші ретінде жұмысқа қабылдау туралы нұсқау берді.
«Мектеп бітірген соң полиция қызметкері болғым келді. Алайда бойым мен салмағымның жетіспеушілігінен, ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан мемлекеттік қызметке өтініш жазуыма тура келді. бағыма орай менің өтінішімді БҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимов өзі қабылдаған екен. Мен енді оның тапсыруымен, полиция департаментіне әкімшілік мемлекеттік қызметші ретінде жұмысқа қабылданатын болдым. Қуанышымда шек жоқ, осы үшін осы саладағы барлық мамандар мен басшыларға алғысым шексіз», - деді жас маман.
Сондай-ақ облыстың бас полицейіне адвокат байланысқа шығып, аудандық полиция бөлімдерінің біріндегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін тергеу басқармасының өндірісіне беруді сұраған.
«Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Департамент бастығы өзі адвокат шағымданған аудандық полиция бөліміне жұмыс сапарымен барады. Сол кезде бұл мәселе қаралатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауына 98-42-21 телефоны арқылы алдын ала жазылуға немесе әлеуметтік желілердегі парақшасы арқылы жүгінуге болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында БҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Аблазимов апта сайын онлайн режимде азаматтарды қабылдайды. Осындай онлайн қабылдаудан кейін жас мамандар жұмысқа тұруға мүмкіндік алды. БҚО полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері департамент бастығының қабылдауында 23 тұрғын болды. Сонымен қатар оған кез келген адам Фейсбук пен Инстаграмм әлеуметтік желілері арқылы хабарласа алады.