Фото: gamma-med.org
2025 жылдың 4 ақпанында Алматыда онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге тең кеңес беру бойынша Қазақстандағы алғашқы жоба ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл жоба онкологиялық аурулармен күрескен және сәтті емделген азаматтардың өз тәжірибесін бөлісу арқылы басқа пациенттер мен олардың туыстарына психологиялық және практикалық қолдау көрсетуін мақсат етеді.
Жобаны таныстыру Қазақстан баспасөз клубында өтті. «Onco Senim Fund» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында онкологиядағы тең кеңес берудің маңыздылығы, консультанттардың рөлі және қолдау түрлері талқыланды.
Тең консультанттар кімдер?
Онкологиядағы тең консультанттар – онкологиялық диагнозбен күрескен және сәтті емделіп, арнайы дайындықтан өткен еріктілер. Олар жаңадан диагноз қойылған немесе емделу кезеңінде жүрген адамдарға өз тәжірибелері мен білімдерін ұсынады.
«Тең консультант – дәрігер, психолог немесе әлеуметтік қызметкер емес. Бірақ ол диагнозбен бетпе-бет келген пациенттердің жағдайын жақсы түсініп, оларға эмоционалдық және ақпараттық қолдау көрсете алады», – дейді «Onco Senim Fund» қорының төрағасы Полина Юрченко.
Фото: Ult.kz
Жоба қалай жұмыс істейді?
Тең кеңес беру қызметтері онлайн форматта телефон немесе Zoom арқылы қазақ және орыс тілдерінде тегін ұсынылады. Консультациялар кезінде консультанттар пациенттерге диагнозбен өмір сүрудің тұрмыстық аспектілерімен бөлісіп, сенімді ақпарат алуға көмектеседі.
2024 жылдың күзінде тең кеңес беру мектебінің алғашқы курсы өтіп, 14 қатысушы сертификат алды. Егер жоба сұранысқа ие болса, мектептің екінші легі ашылады деп жоспарлануда.
"Мен химиятерапевт-дәрігер ретінде айтарым, бұл тек пациенттер үшін ғана емес, дәрігерлер үшін де өте маңызды. Бұл – дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін нақты көмек. Қазір дәрігерлер өте көп жүктемемен жұмыс істейді, өйткені пациенттер саны өте көп. Олар тек қажетті тағайындаулар жасап, пациентті медбикеге жіберуге ғана үлгереді.
Тең консультанттардың тағы бір артықшылығы – олар пациентпен бір тілде сөйлеседі. Дәрігер, қалай болғанда да, басқа қырынан қарайды. Мен түсіндіремін, айтып беремін, қажетті түзетулер енгіземін, бірақ мұның бәрі дәрігер – бақылаушының көзқарасы тұрғысынан болады. Ал химиятерапия қабылдап жүрген адамның не сезінетінін толық түсіну мүмкін емес. Сондықтан бұл – өте үлкен және жақсы жоба. Бұл тек қолдау көрсетуді ғана емес, сонымен қатар бүкіл республика бойынша енгізуді қажет ететін бастама. Бұл дәрігерлер үшін де зор көмек", - дейд3 Сүрия Ертұғырқызы Есентаева, м.ғ.д, химиятерапевт, «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Тең кеңес беру қызметін Қазақстанның кез келген аймағынан алуға болады. Консультациялар онкологиялық пациенттер мен олардың туыстарына қолжетімді.
Бұл жоба онкологиялық аурулармен күрес жолында қолдаудың жаңа моделін қалыптастырып, қоғамға зор пайда әкеледі деп күтілуде.
Анара Бауыржанқызы