10 сәу, 2020 сағат 20:19

Өңірлерде анықталған коронавирустың жаңа жағдайлары туралы мәлімет

Қызылорда, Атырау және Түркістан, Павлодар облыстарында коронавирус індетін жұқтырудың жаңа жағдайлары науқас адамдармен байланыста болғандар арасында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 10 сәуір сағат 20.15-тегі жағдай бойынша, Қазақстанда инфекцияға шалдығудың жаңадан 6 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде Алматы қаласында - 1, Павлодар облысында – 1, Атырау облысында - 2, Қызылорда облысында - 1, Түркістан облысында 1 адам анықталды. 

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан мәлім еткендей, Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 49 жастағы науқас Сырдария ауданы, Амангелді ауылының тұрғыны. Ол індетке шалдыққан адаммен қарым-қатынаста болған. Соған байланысты одан зертханалық сынамалар алынып, COVID-19 диагнозы расталған. Қазіргі таңда бекітілген хаттамаға сәйкес ем жүргізілуде. 

Соңғы ресми мәліметке сәйкес, Қызылорда облысында індетті жұқтырған 105 адам бар. 

Атырау облысында COVID-19 2 адамнан анықталды. Екеуі де Атырау қаласында тіркелді. Олар бұған дейін науқаспен қарым-қатынаста болған.

«Олардан зертханалық сынамалар алынып, ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы анықталды. Олар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары қазір қанағаттанарлық, бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық тексеру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының ақпаратында.

Соңғы деректерге сәйкес, Атырау облысында COVID-19 барлығы 47 адамнан анықталды.

Сондай-ақ инфекциясын жұқтырған тағы 1 адам Түркістан облысында тіркелді. 

«Арыс қаласының тұрғыны вирус жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық сынамалар алынып, диагноз нақтыланды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық тексеру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан.

Осы уақытта Түркістан облысында COVID-19 індетінің расталған 35 оқиғасы бар: Жетісайда – 14, Ордабасыда – 2, Сайрамда – 2, Мақтааралда – 4, Сарыағашта – 1, Кентауда – 5, Арыста – 7 адам.

Павлодар облысында жаңадан тіркелген науқас жедел жәрдем қызметінің фельдшері екенін бұған дейін жазған болатынбыз. Ол қайтыс болған сырқат адаммен байланыста болған. 

10 сәуір сағат 20.15-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 808-ге жетті.